415

Астанада ММА апталығы өтеді

Мамыр айында Астанада «ММА апталығы» спорттық шарасы аясында ММА аралас жекпе-жегінен Қазақстанның VI чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қазақстан ММА федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

8-11 мамыр аралығында ел аумағынан жиналған кіл мықты спортшылар Қазақстан чемпионы атағы үшін бақ сынасады. Жарыстар 14 салмақ дәрежесінде ерлер мен әйелдер арасында өтеді.
«Қазақстан әлемдік әуесқой ММА-да бес жыл қатарынан көшбасшы орында келеді. Ал биыл Қазақстанның VI чемпионатында алғаш рет жасөспірімдер қатысқалы жатыр. Осы орайда ММА бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының қазіргі мүшелерінің соңынан лайықты ізбасарлары еріп келе жатқаны қуантады. Біз жасөспірімдер арасында да халықаралық аренада жоғары орындардан көрінуге ниеттіміз», - деді Қазақстан ММА федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсенов.
11 мамырда ММА-дан ҚР чемпионатының финалы өтеді, онда әуесқойлар арасында үздіктер анықталады.

 

Автор: Мұхтар Жәмішжанов