796

Бублик халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Қазақстандық Александр Бублик Братислава(Словакия) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 253-орында тұрған А.Бублик финалда әлемнің 164-ракеткасы, чехиялық Лукаш Росолмен күш сынасты.

Л.Росол 33 жастағы тәжірибелі теннисші болса, А.Бублик 21 жаста ғана. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші шеберлік таныта біліп, екі партияны да 6:4 есебімен ұтты. Кездесу 1 сағат 9 минутқа созылды.

Турнир барысында А.Бублик өзінен рейтингте әлдеқайда жоғары тұрған словакиялық Андрей Мартин, италиялық Лоренцо Сонего, украиналық Сергей Стаховский және жартылай финалда германиялық Маттиас Бахингерді тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық Галина Воскобоеваның жұптық сында Лимож турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.