286

Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған турнир аяқталды

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған дәстүрлі XIX республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталды.

Еске сала кетсек, жарыс қатысушылары үш күн бойы өзара мықтыны анықтады. Соңғы ақтық кездесулер қызықты да тартысты өтті. Финалистер бар күшін салды. Олар керемет әдістер мен жекпе-жектерді көрсетіп, грек-рим күресінің жанкүйерлеріне керемет кеш сыйлады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 259 қатысушының ішінде үздік атану оңай іс емес. 48 келі салмақтағы чемпион Дәулет Әшірxанов өз қарсыласын Мақсат Ермановты тізе бүктіріп, бұл тапсырманы керемет орындап шықты. Осы салмақ санатында сәйкесінше қола жүлдесін Жасұлан Шармақов қанағат тұтты.

«Жекпе-жек қиын болды, қарсыласым да өте мықты. Жалпы бұл турнирде тек үздік балуандар жиналған. Ақтық бәсеке болғандықтан бар күшімізді салып, күрестік. Екеуімізді бір бапкер жаттықтырады, әдістерімізді жақсы білеміз, сондықтан, оңай болған жоқ. Дайындық та жақсы өткен болатын. Бапкерлерімнің кеңесімен жеңдім деп ойлаймын. Олардың үміттерін ақтағаным үшін шексіз қуаныштымын», - дейді турнир жеңімпазы Дәулет Әшірxанов.

Жарыстың басты мақсаты - жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, осы спорт түрін дамыту, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасын іріктеу.

Турнир аяқталысымен, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер, спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Байсейітов және грек-рим күресінен республикалық бапкер Мейірхан Рахметовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Айта кетер жайт, балуандар UWW ережесіне сәйкес 10 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Олар: 45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақ дәрежесін.

Байрақты бәсекенің нәтижелері бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мектеп-интернат тәрбиеленушілері иеленді. Олар екі алтын және бір күміс жүлделерін олжалады. Ал екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының балуандары жеңсе, үздік үштікті Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары қорытындылады.

Автор: Мұхтар Жәмішжанов