1812

Путинцева Бейжің турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

Қазақстандық Юлия Путинцева Бейжің турнирінің алғашқы айналымында испаниялық Карла Суарес-Наварромен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Ю.Путинцева 45-тен 47-інші орынға сырғып кетсе, қарсыласы одан әлдеқайда жоғары, 22-інші сатыда тұрған-ды. Бірінші партия Суарес-Наварроның айқын басымдылығымен аяқталды - 6:1. Ол екінші сетте де қарсыласын бет қаратқан жоқ - 6:0. Матч 53 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Дияс пен Юлия Путинцеваның іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, Бейжіңнің негізгі турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Жүлде қоры 8,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың алғашқы айналымында З.Дияс биылғы US Open турнирінің жеңімпазы, әлемнің 6-ыншы ракеткасы, жапониялық Наоми Осакамен кортқа шығады. Бұл - олардың екінші кездесуі. Биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында З.Дияс Н.Осакаға 4:6, 5:7 есебімен есе жіберген еді.