2082

Путинцева Гуанчжоу турнирінің жартылай финалына шықты

 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингте 117-інші орында тұрған украиналық Катерина Козловамен кездесті.

Юлия Путинцева 1 сағат 40 минутқа созылған матчта қарсыласынан 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Ю.Путинцева жартылай финалда әлемнің 82-інші ракеткасы, америкалық Бернарда Перамен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Санкт-Петербор қаласында өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин екінші айналымда рейтингте 35-інші сатыдағы ресейлік Даниил Медведевке 3:6, 4:6 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын Гуанчжоу турнирінің ширек финалына, М.Кукушкиннің Санкт-Петербор жарысының (жүлде қоры - 1 175 190 АҚШ доллары) екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.