7211

Шәріпова-Вальстрем айқасы қазақстандық спортшының жарақатынан кейінге шегерілді

Кәсіби бокста бірнеше салмақ санатында чемпиондық белдіктердің иесі, қазақстандық Фируза Шәріпова фин спортшысы Ева Вальстреммен айқасқа дайындық кезінде жарақат алды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер оның толық айығуына бір айға жуық уақыт қажеттігін айтуда.  Бұл жағдайға қатысты Шәріпованың менеджері Сергей Завилейский пікір білдірді.

«Фируза жарақаттанса да, айқасуға дайын болды. Бірақ, бұл жекпе-жектің деңгейі жоғары, сондықтан оған рұқсат бермедік. Біз жаттығу штабымен бірге айқасты кейінге қалдыру шешімін қабылдадық. Фирузаның денсаулығын сақтап қалу үшін дәрігерлердің кеңесіне құлақ асатын боламыз. Бокс ұйымының ең беделді титулын иемдену мүмкіндігін жіберіп алғымыз келмейді. Біз Ева Вальстремның командасына хабарладық, енді айқастың жаңа датасын талқылаймыз. Оған дайындық процесінің ішінара өтемақысын төлеу туралы ұсыныспен шығуға дайынбыз. Ол бұл уақытта аралық жекпе-жек өткізбейді деп үміттенеміз», - деді Сергей Завилейский.

Еске салайық, Фируза Шәріпованың WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулы және IBO Championship белбеуі үшін Ева Вальстреммен айқасы 22 желтоқсанда Санкт-Петербургте өтуі тиіс еді.