2265

Зарина Дияс Хиросима турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Хиросима турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің алтыншы, әлемнің 65-інші ракеткасы З.Дияс беташар матчын дүниежүзілік рейтингте 86-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен өткізді.

Зарина бірінші партияда 6:2 есебімен айқын басымдылық көрсетті. Екінші сетте де бет қаратқан жоқ - 6:1. Кездесу бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің екінші айналымында З.Дияс Украина елінің өкілі, әлемнің 123-інші ракеткасы Катерина Козлова немесе рейтингте 231-інші сатыдағы қытайлық Чжан Юйсюаньның біреуімен кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Хиросима турнирі 16 қыркүйек күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-інші ракеткасы Юлия Путинцеваның кеше осы жарыстың екінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.